Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Баяндамалар, сөйлеген сөздері

22 қазан 2015

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Төрағасының орынбасары Ғ.М. Абзалбектің «Ұлт құндылығы – руханият» облыстық конференциясындағы сөйлеген сөзі (Қызылорда қаласы, 22 қазан 2015 жыл)

РУХАНИЯТ – ҰЛТ ТҰҒЫРЫ

Құрметті конференцияға қатысушылар мен қонақтар!

Елбасы «Алаштың анасы» деп атаған қасиетті Сыр жерінде өткізіліп отырған, ұлт құндылығы – руханиятты ұлықтауға бағытталған «Ұлт құндылығы - руханият» тақырыбындағы келелі іс-шараның маңызы зор.

Сыр өлкесі – қазақи қалпы, бабалар салты сақталған өңір. Тәуелсіз еліміздің іргелі бір бөлігі ретінде Қазақстанның гүлденіп-көріктенуіне зор үлесін қосып келеді.

Рухани құндылықтар – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Тарих қойнауына көз жіберсек, алып өркениеттердің өмір сүруінің негізінде рухани құндылықтардың жатқанына куә боламыз. Кез келген халықтың болмысы мен болашағы өзіне тән ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасып, жүзеге асады.

Қазақ халқының бойында тектілік болмыстың қалыптасуына әлбетте ата-баба салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, ұстанған сенімінің, бір сөзбен айтқанда рухани құндылықтардың рөлі зор.

Кең байтақ ұлы дала әр түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам діні ежелден келе жатқан салт-дәстүрмен үндесе дамыды. Оған мысал ретінде қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқықтық жүйеде орын алған Едіге бидің «Жасақ», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» атай аламыз. Әсіресе «Жеті жарғы» заңнамасы әдет-ғұрып пен шариғатты барынша сабақтастыруымен өміршең бола алды.

Орта ғасырларда рухани құндылықтар мен ұстанымдарды паш еткен әл-Фараби, ибн-Сина, әбу-Райхан Бируни, әл-Хорезми, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғалардың есімдері мен еңбектері әлемдік мұра қатарынан орын алады. Осы кезең тарихта Шығыс Ренессансы кезеңі ретінде белгілі. Шығыс ғалымдарының еңбектері бүкіл адамзаттың қазынасына айналды.

Қазақ хандығы дәуіріндегі билеушілердің тек Шыңғыс хан ұрпақтарынан болуы, сондай-ақ, халықтың «Ұлы Яса» заңын шариғатпен қатар ұстануы хандық дәуірде көшпелі мәдени құндылықтар мен исламды біріктірген синкретті қоғам құрылды деп сипаттауға негіз бола алады.

Көшпенді халықтың талай елді тізе бүктірген жауынгерлік ерлігінің астарында ұлт құндылығы болған руханият жатыр. Рухани құндылықтар адам бойында асқақ рухты қалыптастырады. Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет болып, көк туымыздың аспанымызда желбіреуі де еліміздің, халқымыздың рухының биік екендігінің көрінісі.   

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстан - 2050» Стратегиясын іске асыру бойынша айқын басымдықтар мен нақты міндеттерді бекітті. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму басымдықтарына қоғамның рухани бөлігі сәйкес келуі қажет.

Мұның бәріне ұлттық идея, ата-бабаларымыздың арманы болған – «Мәңгілік ел» жалпықазақстандық үйінің құрылуы негізгі шарт болып табылады. Елбасы Қазақстанда бұл үшін барлық қазақстандықтарды біріктіретін және еліміздің іргетасын қалайтын басты құндылықтар қалыптасқандығын атап өткен. Біздің халқымыздың рухани және адамгершілік қадыр-қасиеттері бұл іргетастың құрамдас бөлігі болып табылады. Олар бізге жеңістерге жетуге, елімізді және біздің болашаққа сенімімізді нығайтуға, жетістіктерді арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай құндылықтар қатарына – біздің еліміздің халықаралық сахнадағы танымалдылығын арттырған ұлттық бірлік, қоғамдағы бейбіт пен келісімді жатқызуға болады. Сонымен қатар, тарих, мәдениет және тіл ортақтығы, сондай-ақ зайырлы қоғам мен жоғары руханият біздің рухани әлеуетіміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұларсыз Қазақстанның дамуы мен гүлденуі мүмкін емес.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біздің егеменді және тәуелсіз Отанымызда өзіндік құндылықтарымыз бар және оларды сақтап, қорғай білуіміз керек. Бірде бір қоғам және бірде бір мемлекет патриотизм, бейбітшілік пен келісім, әлеуметтік серіктестікпен үйлесімділік, құқықтық тәрбие идеяларын жүргізбестен аяғынан тік басып тұра алмайды», – деген болатын. Яғни Елбасы ұлтжандылық қасиетті тұғыр ретінде ұсынып отыр. Шынында да отаншылдық, өзара түсіністік, бауырмалдық, батырлық, парасаттылық, ой еркіндігі, қайырымдылық, ар-ождан, әділеттілік пен бостандық сияқты құндылықтарсыз қоғамның жеке мүшелері адамдарды да елестету мүмкін емес. Бұлар адамның, оның ішінде жастардың рухани күшінің қайнар көзі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуында ынталандырушы шарт.

Соңғы жылдары әлемнің кейбір аймақтарында орын алып отырған қарулы қақтығыс салдарынан босқындардың көбеюі мен экономикалық дағдарыс үдерісі жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Адамгершілікке жат әрекеттер мен құбылыстардың белең алуы рухани құндылықтардың өз деңгейінде сақталмауынан туындайды. Бұл өз кезегінде аталған өңірлерде әлеуметтік, саяси-экономикалық және дінаралық тұрақсыздыққа әкеліп соқтыруда.

Тұрақтылық – Қазақстан жетістігінің негізі және дамуының басты нәтижелерінің бірі. Ал тұрақтылықтың негізі елдегі көпэтникалы және көпконфессиялы халықтың бірлігі болған ұлттық рухани құндылықтарда жатыр.

Ішкі тұрақтылығы бекем Қазақстан қазіргі әлемдік дамудың күрделі, шиеленіскен және іргелі проблемаларын шешудің аса маңызды әдісі ретінде өркениеттер үнқатысуын ұйымдастыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырған. Осы орайда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің үнемі өткізілуі жаһандық деңгейде дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту жөніндегі еліміздің ұстанымын айқындай түсуде.

Ата заңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, Қазақстан қоғамындағы рухани, соның ішінде діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп-біле алмаймыз. Егер, кейбір азаматтарымыз заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаларының мемлекетіміздің баянды болашағы үшін оң шешім ретінде қабылданғанын сезінсе, асыра діншілдікке бой алдырмас еді. Демек, бұл тенденция – отандастарымызға заң шеңберінде діни еркіндік бере отырып, олардың бойына мәдениет құндылықтарын сіңіруге басымдық беру керектігін көрсетеді.

Менің пікірімше тұрақтылықты сақтауда зайырлылықтың орны ерекше. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Қоғамда зайырлылық қағидаттары дамыса да, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді. Дегенмен, зайырлықты күшейту – дінді әлсірету дегенді білдірмейді. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп түсінуіміз керек.

Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз.

Ұлт құндылығы – руханиятымыздың бір тармағы болып, салт-дәстүрімізбен үндесе дамыған дәстүрлі діни ұстанымдар негізінде мәдениетімізді ары қарай дамыту үшін мемлекеттің зайырлылық ұстанымы мен адамдар арасындағы зайырлы сұхбаттың маңызы үлкен.

Сонымен қатар зайырлы мемлекеттің тұрақтылығы үшін дін мен дәстүр сабақтастығы да ерекше маңыздылыққа ие. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байи түседі, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылықтар ретінде қабылдайды. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгертуі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген теріс ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды бұзу арқылы өзін орнықтыруға тырысады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің тұтастығын сақтау болып табылады. Яғни, дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту арқылы радикалдық идеологияның алдын алуға итермелейді.

Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуі, діни сауаттылықтың төмендігі радикалды идеологияның таралуына себепші басты факторға айналуда. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология жақтастарының негізгі құралы болып табылады. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.

Радикалды ағымдардың басты назары дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан, радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болып табылады. Осы ретте, ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Сонымен қатар, ұлттық рухани құндылықтарымызға оралуға оларды кеңінен түсіндіру арқылы теріс ағымдардың идеологиясына қарсы тұруға болады.

Бүгінгі таңда дін мен салт-дәстүр әлеуметтік институт ретінде қоғамда өзінің орнын таба білсе, рухани құндылық жұтаңдығынан орын алатын келеңсіз әрекеттердің алды алынады. Қоғамдағы барлық мәселелердің заңмен реттеле бермейтіндігін, бұл мәселелердің әлеуметтік институттар арқылы жүзеге асырылатындығын ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдардың осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін атап өткен жөн.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бүгінгі конференция жұмысына қатысып отырған облыстың беделді зиялы қауым өкілдерін, ақпараттық-насихат топтарының мүшелерін, дінтанушы мамандар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерін - тұрғындар, әсіресе жастар арасында «Зайырлылық», «Жоғары рухани құндылықтар», «Ұлттық дәстүр» мен «Елдік» ұғымдарын кең насихаттап, халқымыздың өркендей түсуіне ат салысуға шақырамын!

«Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» дей отырып, мемлекетіміздің өркендеуі үшін ұлттық құндылықтарымызды дамыту, жаңғырту бағытында баршамыз үлес қосуға тиіспіз деп ойлаймын.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!

.