Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Баяндамалар, сөйлеген сөздері

17 маусым 2013

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтің ҚР Парламенті Мәжілісінің Үкімет сағатында жасайтын Баяндамасы Астана, 17 маусым, 2013 жыл.  
ҚР Дін істері Агенттігінің екі жыл ішінде атқарған іс-шаралары туралы

Құрметті Сергей Александрович!
Құрметті депутаттар!

(№1 слайд)

Қазіргі таңда дүниетаным жүйесі және өмір салты ретінде діннің рөлі артып отыр. Халықтың түрлі топтағы өкілдерінің рухани салаға, соның ішінде қоғам өмірінің діни саласына деген қызығушылығы арта түсуде.
(№2 слайд)

Бүгінде елімізде әртүрлі діндер және конфессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді қарым-қатынас жасауы үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар басқа елдер үшін үлгі болып табылады. Жалпы алғанда, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және жағымды факторына айналуда.

Дей тұрғанмен, өкінішке орай, дін рөлінің артуымен қатар тұрғындардың бір бөлігінің діни өміріндегі теріс қырлары да ашыла бастады. Атап айтқанда, елімізде өздерін зайырлы қоғамның қалыптасқан қағидаларына қарсы қоятын азаматтардың саны артты.

Оның үстіне, кейбір дінге сенушілер өктемдік мен діни радикализмнің шеттен шыққан формаларына бой алдырып, азаматтардың тыныштығы мен мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіре бастады. Сондықтан, бүгінде мемлекетке халық тарапынан қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, үйлесімділікті, бейбітшілікті және өзара келісімді қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнен жастарды қорғау туралы қарапайым халық арасында талап-тілектердің айтылып жатуы - заңды құбылыс.
(№3 слайд)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында баршамыздың алдымызға айрықша маңызды тапсырма қойды: ол – қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлер мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру.

Сондай-ақ, Елбасымыз радикализмнің, экстремизм мен лаңкестіктің кез-келген формасы мен көрінісіне мемлекет пен азаматтар біртұтас шеп құрып, қарсы тұруы керектігін атап өтті.

Құрметті депутаттар!
(№4 слайд)

Агенттік құрылған кезеңнен бастап біз өз жұмысымызды елдің рухани қауіпсіздігіне ықпал ететін мекемеміздің басты міндетін шешуге, яғни дін саласындағы жаңа заңды әзірлеп, іске асыруға жұмылдырдық.

Жаңа Заңның қабылдануы уақыт талабынан туындап, мемлекеттің дін саласындағы өзіндік стратегиялық бағытын айқындау кезеңіне айналды. Тәуелсіздіктің 21 жылы ішінде діни қызмет жанданып, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар сипаты өзгерген болатын. Соның нәтижесінде діни бірлестіктер саны 6 еседен аса өсіп, 4551-ді құраса, конфессиялар саны 46-ға жетті.

Жаңа Заң мемлекетіміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеттері негізінде, халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, Қазақстан қоғамында толеранттылық пен келісімді одан әрі нығайту мақсатын көздей отырып әзірленді. Жалпы алғанда, Заң кез-келген демократиялық мемлекетке тән нақты талаптарды алға қойды.

Құрметті депутаттар, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын талқылау кезеңіндегі жауапкершілігі мол күш-жігерлеріңіз бен Заңды жүзеге асыру барысында біз үшін пайдалы болған құнды ұсыныстарыңыз үшін Сіздерге тағы бір рет алғысымызды білдіреміз.

Енді есеп беру мерзіміндегі біздің жүргізген жұмыстарымыздың негізгі кезеңдері мен нәтижелеріне тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
(№5 слайд)

Екі жыл ішінде діни қатынастарды ретке келтіру мақсатында тиісті нормативтік-құқықтық база жасалды.

Заң қабылданғаннан кейін Агенттік заңға қосымша 12 заңға тәуелді акт жасап, қабылдады, соның ішінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары бойынша мемлекеттік қызметтер стандарттары мен регламенттерін бекіткен Үкіметтің 6 қаулысы және Агенттіктің 6 бұйрығы жарыққа шықты. Слайдтағы сол құжаттардың тізіміне назар салуларыңызды сұраймын.

Сонымен қатар, айта кету керек, жергілікті билік органдары да Заңды жүзеге асыруға белсенді атсалысып, діни әдебиеттерді тарататын стационарлық үй-жайлардың, яғни кітап дүкендерінің тізімін бекітті, сондай-ақ, мешіттер, шіркеулер және тағы басқа діни ғимараттарды салу, олардың орналасатын жерін анықтау және ғимараттарды құлшылық үйлеріне айналдыру туралы шешімдерді қабылдау тәртібін енгізді.

Жалпы алғанда, осы айтылғандардың барлығы өткен мерзім ішінде діни саладағы нормативтік база жаңартылып әрі жетілдіріліп, діни бірлестіктердің қызмет етуі үшін қажетті барлық құқықтық жағдайларды жасауға мүмкіндік берді деуге болады.

Құрметті депутаттар!

Сонымен қатар, Заң шеңберінде тиімді шаралар кешенін уақтылы қабылдау бізге діни саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған институционалдық базаны құруға және Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарды орындауға мүмкіндік берді.
(№6 слайд)

Осы тұрғыдан алғанда Агенттік үшін бірінші кезекте діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісінің сәтті өтуі маңызды болып табылады. Қайта тіркеу барысында біз республикамыздың конфессионалдық кеңістігін құрылымдап, жүйеге келтірдік, діни бірлестіктердің саны мен олардың діни-сенімдік сипаты туралы нақты мәліметтерге қол жеткіздік.

2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 4551 діни бірлестік қызмет атқарғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ді құрады.
Діни бірлестіктер санының үштен бірінің қысқаруы бірқатар себептер бойынша өз қызметінің заңдылығын дәлелдей алмаған бірлестіктердің есебінен орын алды. Жалған діни құрылымдар мен құрылтай құжаттарында дәйексіз мәліметтерді ұсынған бірқатар діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткізілген жоқ.

Қазақстандық дінтанушылардың сараптамалары негізінде діни бірлестіктерді жаңаша топтастыру ұсынылып, конфессиялар мен деноминациялар саны 46-дан 17-ге қысқарды.
Жалпы алғанда, діни бірлестіктерді қайта тіркеу тиімді әрі сәтті өтіп, негізгі діни бірлестіктер тарапынан қолдау тапты. Бұған БАҚ арқылы жүргізілген кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен діни бірлестіктер өкілдерімен көптеген кездесулер өз септігін тигізді. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдармен, бірінші кезекте Әділет және Ішкі істер министрліктерімен тығыз өзара әрекеттестік орнатылды.

Айта кететін жайт, Дін істері Агенттігі халықаралық және шетелдік уәкілдіктерге жаңа заң және жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы тиісті түсініктемелер берді, бұл құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынның азаюына елеулі ықпал етті.
(№7 слайд)

Бүгінгі қайта тіркеу шарасынан өтпеген діни бірлестіктерді таратудың заңды үдерістері осы жұмысты әрі қарай жалғастырудың нақты маңызды кезеңіне айналып отыр. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмыстарынан кейін сот органдарына діни бірлестіктерді мәжбүрлеп тарату туралы 436 талап жолданып, олардың бәрін сот қанағаттандырды. Қазіргі таңда 8 талап бойынша шағымдану үдерісі жалғасуда. Барлық жағдайларда басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, діни бірлестіктерді тарату шарасына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
(№8 слайд)

Агенттік қызметінің маңызды бағыты құлшылық рәсімдерін, діни жоралар мен жиналыстарды, соның ішінде оларды мінәжатханалардан тыс жерлерде өткізу тәжірибесін ретке келтіру болып саналады.
Бұған діни ғимараттарды салу және олардың орналасатын жерін анықтау, сондай-ақ, ғимараттарды ғибадат үйлеріне айналдыру туралы шешімді шығару жөніндегі мемлекеттік қызмет стандартын енгізу нәтижесінде қол жеткізілді.

Қазіргі күні Қазақстанда 3244 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың басым бөлігі, яғни 2320-сы мешіттер. Біз қазіргі құлшылық үйлерінің саны дінге сенушілер үшін жеткілікті деп ойлаймыз. Сондықтан, бұдан былай ғибадат үйлерін салу туралы шешім алдыңғы жылдарға қарағанда жан-жақты ойластырылып, барлық қажетті факторлар, атап айтқанда, халықтың сұранысы, басқа ғибадат үйлерінің бар-жоқтығы, оларды қамтамасыз ету мүмкіндігі, т.б. ескеріліп барып қабылданады.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Үкімет ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни жораларды өткізу үшін ғимарат орнын келісу туралы шешім шығару жөніндегі стандартты бекітті. Бұл базарларда, дүкендерде, қонақ үйлер мен басқа да нысандарда орналасқан намазханалар мен мінәжатханаларға қатысты болып табылады.

Осылайша, діни қажеттіліктерді өтеп, діни жоралар мен рәсімдерді еркін атқаруға болатын орындар толық нормативтік-құқықтық рәсімдеуден өтті.
Бүгінгі таңда республика бойынша 492 намазхана, 15 православтық, барлығы 507 мінәжатхана қызмет атқаруда және олар жергілікті әкімдіктер тарапынан рәсімдеуден өтуде. Агенттік әкімдіктермен бірлесіп ғибадат үйлері мен мінәжатханалардың қызметін Заң талаптарына сәйкестендіру бағытындағы іс-шараларды одан әрі жалғастыратын болады. (№9 слайд)

Бүгінде діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға сараптама жүргізу Агенттік қызметінің маңызды бөлігі болып отыр.
Дінтану сараптамасының маңызы оның елімізге экстремистік сипаттағы діни әдебиеттердің келуіне қатаң тосқауыл қоюға мүмкіндік беретіндігімен тікелей байланысты.

Агенттік дінтану сараптамасын жүзеге асырудың стандарттары мен регламенттері бар, сараптаманы ұйымдастыру және өткізу кезеңдері мен тетіктері айқындалған 6 заңға тәуелді актіге негізделген түбегейлі жаңа жүйесін жасады.
(№10 слайд)

Агенттік өз қызметін бастағалы 4344 діни кітап пен басқа да ақпараттық материалдарға сараптама жүргізді. 148 материал бойынша теріс қорытынды берілді. Қазіргі таңда 1923 діни кітапқа дінтану сараптамасы жүргізілуде.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу барысында Агенттік тарапынан 618 жарғыға сараптама жүргізіліп, оның 17-сіне теріс қорытынды берілді.
(Слайд №11)

Діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет қаулысы арқылы діни әдебиеттердің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың және діни мақсаттағы заттардың таратылуына бақылау орнатылды.

Осы мақсатта бүгінгі таңда жергілікті билік өкілдері тарапынан республика бойынша 212 кітап дүкені арнайы стационарлық үй-жайлар ретінде белгіленіп отыр.
Діни әдебиеттердің белгіленген жерлерден тыс жерлерде, соның ішінде көшелер мен ғимарат кіреберістерінде тарату фактілері анықталған жағдайда, өрескел құқық бұзушыларға әкімшілік шаралар қолданылуда. Бұл жұмысты Агенттік заңның орындалуын қадағалай отырып жалғастыратын болады.
(Слайд №12)

Ел тұрғындарының басым көпшілігі мұсылмандар болғандықтан, Агенттік уәкілетті орган ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен нәтижелі қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударуда. Бұл іс мұсылмандар арасындағы кейбір дін ұстанушылар көзқарастарының радикалдануы тоқталмағандықтан өзекті болып табылады.

Біріншіден. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барлық мешіттерді біріктіретін (бүгінгі таңда 2320) бірегей республикалық бірлестік ретінде жасақталды.
Нақты айтқанда, ҚМДБ құрамына бұрынғы өз мешіттерінен басқа дербес қызмет етіп жүрген 14 жергілікті діни бірлестік филиал ретінде еніп, 79 саны аз діни топ қосылды.

Екіншіден. ҚМДБ-да құрылтайдың еркімен ұйымдастырушылық-кадрлық өзгерістер болды. Мүфтият басшылығына терең теологиялық білімі бар Маямеров Ержан Малғажыұлы сайланды. ҚМДБ-дағы өзгерістер қоғам тарапынан оң көзқараспен қабылданды. Жаңа мүфтидің кандидатурасы ҚМДБ басшылығы тарапынан да, жалпы дін ұстанушылардан да қолдау тапты.

Үшіншіден. Имамдардың беделдерін және біліктіліктерін арттыру үшін мемлекет тарапынан олардың зайырлы білімдерін және теологиялық дайындықтарын арттыру үшін қолдау көрсетіліп келеді.
Бұған қоса қазақ студенттерін шетелдегі күмәнді оқу орындарынан қайтару, «Нұр» Қазақ-египет ислам университетіне ауыстыру бағытындағы күрделі жұмыстар жалғасуда.

Төртіншіден. Агенттік халықтың имамдарға деген сенімін арттыру үшін ҚМДБ-ға мешіттердің қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерін қалыптастыруды ұсынды. Соның ішінде Діни басқарманы Агенттік ұсынған «Садақа» электрондық терминалын енгізу жобасы қызықтырып, тыңғылықты түрде пысықталуда.
(Слайд №13)

Рухани қауіпсіздікке қатысты тағы бір маңызды мәселе – діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық кеңістігіне шектеу қою үшін діни бағыттағы ғаламтор-ресурстарына бақылау жүргізу.
Осы бағытта 2012 жыл бойынша 1900-дан астам сайтқа талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде заңға қайшы идеялары анықталған 45 шетелдік ғаламтор ресурсының Қазақстан аумағында таратылуына тосқауыл қою жөніндегі тиісті сот шешімдері шықты.

2013 жылдың бірінші тоқсанында 500 сайттың жұмысына талдау жасалып, оның ішінде заңға қайшы ақпараттарды қамтыған 20 ғаламтор ресурсы жөніндегі материалдар прокуратура органдарына жіберілді.
Сондай-ақ, танымал әлеуметтік желілерде Агенттіктің ресми парақтары ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жақын арада ағартушылық бағыттағы ғаламтор ресурсы - «E-islam» порталын ашу жоспарлануда. (Слайд №14)

Біздің ведомствоның басты бағыттарының бірі - миссионерлік қызметті реттеу. Осы мақсатта шетелдік миссионерлердің елге келу тәртібі нақты бекітілді. Заңға сәйкес қазір тиісті куәлік алғандар миссионерлік қызметін сол құжатта белгіленген өңірлерде ғана жүзеге асыра алады.
(№15 слайд)

Осы тәртіп негізінде елімізде 394 миссионер тіркелді.
(Слайд №16)

Агенттік дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, мемлекеттік құрылымның зайырлылығы ұғымын нығайту және сақтау, халықтың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық дәстүрлерімізді және қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттау, радикалды идеялар мен діни экстремизмнің мәнін ашып, қауіптілігін түсіндіру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кешенді шараларын жүргізуде.

Нәтижесінде өткен жылы Агенттік тарапынан дін саласындағы өзекті мәселелер жайлы 1200 мақала әзірленіп, БАҚ-тарда жарияланды.
Елімізде құрамына ғылыми қауымдастық өкілдері, діни басқарманың беделді қызметкерлері, отандық дінтанушылар мен теологтар, әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері және жергілікті жерлерде қоғамдық пікір туғыза алатын азаматтар қамтылған ақпараттық-насихат топтары қызмет етіп, тұрғын халықпен жұмыс жүргізуде. Ақпараттық-насихат топтары жұмыстарының көрсеткіштеріне қатысты слайдқа назар аударуларыңызды сұраймын.

Дін саласындағы өзекті мәселелерге қатысты жұмыстардың осындай әдіспен жүргізілуі қалың көпшіліктің қолдауына ие болып отырғандықтан, ары қарай күшейтіле бермек.
(Слайд №17)

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы қызмет Агенттік үшін ең басты мәселелердің бірі болып қала береді.
Агенттіктің ақпараттық-насихат жұмыстарының басым бөлігі Қазақстан азаматтарын дәстүрлі емес және жалған діни ағымдардан арашалауға, радикалды діни идеологияның таралуына қарсы күресуге бағытталған. Агенттік Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның әзірленуіне белсенді түрде қатысуда.

Агенттіктің бастамасымен теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары жұмыс істей бастады, оларға мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау көрсету қамтамасыз етілді. Қазір осындай 14 аймақтық орталықты біріктіретін қауымдастық қызмет атқаруда.

Агенттік пен Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесе түзету мекемелерінде радикалды діни ағымдар әсерінің таралуының алдын алу және қарсы тұру бағытында жұмыс жүргізуде. Түрмелерде қолданылған экстремистік әдебиеттер алынып, олардың орнына сараптамадан өткізілген әдебиеттер таратылды.

Аталған жоспарға сай қарулы күштер құрылымдары қызметкерлерінің діни сауатын арттыру бағытында да жұмыс жүргізілуде.

Жыл басынан бері Агенттіктің ұйымдастыруымен төмендегі тақырыптар бойынша 3 халықаралық және 5 республикалық форум өткізілді:

  • Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларында «Дін және әйел» тақырыбындағы форумдар;
  • Жамбыл облысында «Таблиғи жамағат – елге жат ағым» тақырыбындағы конференция;
  • Атырау қаласында «Жастар және дін» атты конференция және «Жастар экстремизмге қарсы» жастар акциясы;
  • Көкшетауда «Ислам терроризмге қарсы» атты республикалық конференция;
  • Жезқазғанда «Тәкфиризм – діни экстремизмнің қауіпті түрлерінің бірі» тақырыбындағы конференция;
  • Астанада «Қазақстандағы діни сенім бостандығы», «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» және «ТМД елдеріндегі діндердің рөлі» атты халықаралық конференциялар өткізілді.

Жыл соңына дейін басқа да өңірлерде қоғамдық және саяси маңызы бар, қазақстандық қоғамды біріктіруге, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, қоғамның және жеке азаматтардың жалған діни ағымдарға қарсы тұру қабілетін күшейтуге бағытталған шараларды өткізу жоспарланған. Мәселен, Ақтауда «Ислам және жихадшылдық», Ақтөбеде «Салафизм - радикалды ағымдардың негізі», Семейде «Уаххабизм – біздің жолымыз емес», Петропавлда «Дін және патриотизм» және тағы басқа республикалық конференциялар өткізу көзделген.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатқа сарапшы қауым тарапынан қолдау көрсету мақсатында Қазақстан дінтанушыларының екі мәрте форумы өткізілді. 150 отандық ғалымдар мен дін саласы мамандарының басын қосқан Қазақстан дінтанушыларының конгресі құрылды. Оған сенатар академик Ғарифолла Есім төрағалық етеді. Агенттік жанынан Діни ахуалды зерттеу жөніндегі кеңесшілік-сараптамалық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады.

Құрметті депутаттар!
(Слайд №18)

Бүгінде Агенттік алдына қойған барлық мақсат міндеттерді мүлтіксіз орындауға мүмкіндік беретін кәсіпқой кадрлық құраммен жасақталған. Дін істері Агенттігі жүйесінде 28 дінтанушы, 7 исламтанушы, 7 саясаттанушы, 5 шығыстанушы, 4 әлеуметтанушы, 3 теолог, 2 философ және бір мәдениеттанушы қызмет атқаруда. Олардың ішінде бір философия ғылымдарының докторы, 14 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 3 «Болашақ» стипендиясының және бір ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлегі бар.
(Слайд №19)

2013 жылға Агенттік қармағындағы екі мемлекеттік мекемені қоса алғанда бюджеттен 760 миллион теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,9 %-ға көп.
2012 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттен бөлінген 598 миллион теңге қаражаты 100 % игерілді.

Алға қойылған ауқымды міндеттерге қарамастан, артылған жауапкершілікті сезіне отырып, Агенттік дін саласындағы саясатты тиімді түрде жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыратын болады.

Біздің пікірімізше, жаңа заңның орындалуы жоспарланғандай сәтті түрде жүзеге асып, үмітіміз ақталып келеді. Агенттіктің алдына қойған стратегиялық және қысқа мерзімді мақсаттары да, жалпы алғанда, өз шешімін табуда.

Сіздердің бүгінгі айтылатын құнды ұсыныстарыңыз бен кеңестеріңізді қабылдауға әзірміз. Ортақ пікірлеріміз бен көзқарастарымыз Елбасымыздың тапсырмаларын сапалы орындауға, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды тиімді түрде жүзеге асыруға септігін тигізетініне кәміл сенімдіміз.
(№20 слайд)

Назарларыңызға рахмет!

.