Баспасөз релизі
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында Астанада Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф Осло Бейбітшілік және адам құқығы орталығының басшысы, Норвегияның бұрынғы Премьер-Министрі Кьелл Магне Бондевикпен кездесті.
Кездесуге сонымен қатар Норвегия Хельсинки Комитетінің өкілдері қатысты. Сындарлы және байсалды сұхбат барысында тараптар Қазақстандағы діни сенім бостандығы туралы және жақында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды іске асыру мәселелері туралы пікір алмасты.
Қайрат Лама Шариф Қазақстанда діни бірлестіктер заң алдында тең және әрбір азамат діни немесе өзге де сенімді ұстануға құқылы екендігін атап өтті. Осы орайда, мемлекеттің діни бірлестіктерден бөліну қағидасына сәйкес, мемлекет дінге сенуші және дінді ұстанбайтын адамдар арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнатуға ықпал ететіндігіне назар аударды.
Белгілі халықаралық қайраткер Кьелл Магне Бондевик өз кезегінде Еуропадағы дінаралық төзімділік тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды, бірлескен жобаларды әзірлеп, оны іске асыруды жалғастырудың қажеттілігі туралы жалпы пікірлер айтылды.











