Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Жарияланымдар

10 тамыз 2016

«Егемен Қазақстан» газеті «Азат басты азапқа салмайық» Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым ШОЙКИН

Азат басты азапқа салмайық 

Жан күйзелісіне түсіп, әрқалай себептермен торыққан жас­тарды түрлі діни ағымдар өз қатарына тартатыны белгілі. Ал біздің зайырлы қоғамда оларды қолдайтын, қысылғанда көмек беретін қандай қызметтер бар? Осы сұраққа жауап алу мақсатымен Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым ШОЙКИНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Азаматтардың дін сала­сындағы мәселелерге қатысты сауатын көтеру мақсатында 2015 жылы және 2016 жылдың өткен айларында қандай жұ­мыстар атқарылды?

Дін істері комитеті тарапы­нан ғылыми сараптамалық, әлеу­меттанулық зерттеулер жүргізуге, азаматтарға дін мәселелері бойынша кеңес беруді ұйымдастыруға, тұрғындарға дәстүрлі ислам діні туралы шынайы ақпарат беруге, радикалдық сипаттағы діни ағым­дардың жетегінде кеткен жандарды, оның ішінде экстремизм баптары үшін түзеу мекемелерінде жазаларын өтеушілерді дәстүрлі ортаға қайтару мен оңалту жұмыстарын ұйымдастыруға, орталық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен журналистері үшін дін саласындағы тақырыптарды қамтитын мәселелерді жариялау бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыруға, конференциялар өткізуге, дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша ақпа­раттық және әдістемелік құрал­дар әзірлеуге және осы қатар­дағы басқа да шараларды ұйым­дастыруға жыл сайын қаражат бөлініп отырады.

Дін саласындағы мәсе­ле­лер­мен аймақтарда жұмыс жүргізіп отырған қызметкерлердің әлеуеті талапқа сәйкес келе ме? Оларды білікті мамандармен, материалдық-техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз ету деңгейі қандай?

– Қазіргі күнде еліміздің 15 өңірінде Дін істері басқармалары әкімдіктер құрылымында дербес құрылым ретінде жұмыс атқарады, ал Қызылорда облысының Дін істері басқармасы 2014 жылы таратылып, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына қосыл­ған. Өңірлердегі дін істері басқар­малары жергілікті деңгейде дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысатын құзырлы орган болып табылады.

Барлық өңірлерде Дін істері бас­қармаларының жанынан дін мәселелерін зерттеу орталықтары құрылып, жұмыс істеп келеді. Өңір­лерде қызмет атқарып отырған дін істері басқармалары қызметкерлерінің және дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандарының әлеуеті жоғары және олар материалдық-техни­ка­лық тұрғыдан жеткілікті қамта­масыз етілген деп айта аламыз. Өңірлердегі дін саласындағы жұмыстарға үздік теологтар мен дінтанушылар тартылған.

Дін және дінтанушылық бі­лім беру мәселелерімен ай­на­лысатын ғалым зерттеушілер, дінта­ну­шы­лар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтта­ры арасында үйлесімді үнқаты­су, өзара түсінушілік пен ынтымақ­тастықты дамытуға үлес қосатын Қазақстан дінтанушыларының форумы жыл сайын өткізіліп келеді. Комитет діни саладағы түрлі теріс әрекеттерге қарсы күресу мақсатында дәстүрлі діни бірлестіктермен, азаматтық қоғам институттарымен және БАҚ өкіл­дері­мен өзара әрекеттестікте жұ­мыстар жүргізуде.

Кейбір тіркелмеген діни бірлестіктердің еліміз аума­ғын­да еркін әрекет етуінің қандай себептері бар? Оларды әшкере­леп, құқық қорғау органда­ры­ның көмегімен жазаға тартқан мысалдар бар ма?

– Елімізде қазіргі күнде қыз­мет атқарып отырған 18 конфес­сияның мүдделерін білдіре­тін 3600-ден астам діни бірлес­тік­тердің барлығы өз қызметтерін заңды негізде жүзеге асыруда. Қазіргі күнде еліміз аумағында тіркелмеген діни бірлестіктердің еркін әрекет етіп отырғаны туралы мәліметтер жоқ. Ал дәстүрлі емес діни ағымдардың әрекеті туралы айтар болсақ, олар негізінен идеялық тұрғыдан көрініс тауып отырғандығын айта кету керек. Демек, олар ұйымдық-құқықтық нысанда жұмыс істемейді деген сөз. Бұл, біріншіден, исламдық ба­ғыт­тағы дәстүрлі емес ағым­дарға қатысты жалпы атаумен белгілі салафизм ағымына қатысты.

Десек те, жекелеген діни бір­лестіктердің ұстанушы­лары­ның еліміздің заңнамаларын бұзуға жол беріп, діни әдебиеттерін рұқсат берілмеген орындарда тарату, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысу деректері орын алып жатқандығын да айта кету керек. Ондай деректерге тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жедел назар аударылып, сәйкесінше шаралар қабылданып отырады.

Мемлекеттік орган­дар­мен анықталған құқық бұзу­шылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалып, айыппұлдар салынады және түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Елі­міз аумағында қызметіне ты­йым салынған жекелеген діни ұйым­дардың ұстанушылары тарапынан заңсыз қызмет атқа­ру деректері орын алып отыра­ды. Олардың қатарында «Таб­лиғи жамағат» ұйымының ұстану­шылары мен салафи идеясын ұс­танушылар жиі кездеседі. Мысалы, 2015 жылы Астана қала­сының соты терроризмді насихаттау және көмек көрсету қылмыстық әрекеттері үшін 2 азаматты бас бостандығынан айырды. 2016 жылғы ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа ауданы сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» тыйым салынған экстремистік ұйымының 5 мүшесі бас бостандығынан айырылды.

Әрине, бұл мәселелер қолда­ныс­тағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізіп отыруды қажет ететіні анық. Осы мақсатта Дін істері комитетінің жанында мүдделі мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктер мен дін саласындағы сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ақылдасу тобы құрылып, жұмыс істеуде. Мәсе­лен, Ақтөбеде орын алған оқиға дін саласын реттейтін қолда­ныстағы заңнамаға жеке үйлерде, пәтерлерде немесе басқа орындарда діни сипаттағы жиналыстар өткізуді реттеу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Қазіргі күнде бұл мәселенің заңнамалық тұрғыдан дұрыс шешімін табуы үшін кеңесу жұмыстары жүргізілуде.

– Дін істері комитеті жас­тар ара­сында діннің таралу әлеуе­тіне мо­ниторинг жүргізіп отыр ма?

– Жыл сайын дін саласындағы өзекті мәселелерді зерттеу мақ­сат­ында тұрғындардың әртүр­лі топтарының арасында әлеу­меттанулық зерттеулер жүргізіліп отырады. Мәселен, біздің тапсырысымыз бойынша 2015 жылы 14 – 25 жас арасындағы азаматтарды қамтып, жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 86,8%-ы өз­дерін дінге сенушілер ретінде санайтындықтарын айтқан. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқан жастардың 15,6%-ы діни рәсімдер мен жөн-жоралғыларды қатаң сақтайтын діндарлар екенін, ал респонденттердің басым бөлігі (71,2%) өздерінің діндарлығы діни мерекелер мен басқа да діни салт-дәстүрлерді формалды түрде орындаумен шектелетіндігін көрсеткен.

Бұл деректер еліміздің жас­тарының басым бөлігі дінді ұлттық және мәдени-рухани біре­гейлік ретінде түсінетіндігін көр­сетеді. Жалпы, жастар арасында діннің ықпалының жыл санап артып отырғаны туралы айтқанда, діни құндылықтар мен азаматтық құндылықтарды алмастырмауын басты назарда ұстауымыз керек. Осы орайда, дәстүрлі діндердің туған жер мен Отанға деген пат­риотизмді терістемейтінін айта кету қажет.

– Жастардың теріс діни ағым­дарға тез тартылу себебі неде деп ойлайсыз? Оған қарсы қан­дай әрекеттер жасалуда?

– Қоғамның ең көп және бел­сенді тобы ретінде жастардың қан­дай мәселеге болса да қызы­ғу­шылықтары жоғары болатыны сөзсіз. Дін істері комитеті осыны ескере отырып басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесу арқылы жастар арасында дәстүрлі ұлттық және тарихи құндылықтарды наси­хаттау, зайырлылық қағидат­­тарын ілгерілету, діни ағымдар­дың қаупін түсіндіру және олар­дың бойында теріс діни идеоло­гия­ларға қарсы иммунитет қалып­тас­тыру бағытында кешенді түсін­діру жұмыстарын жүргізуде.

Жастармен жүргізілетін жұ­мыстар мектеп оқушыларымен, орта және жоғары оқу орын­дары­ның студенттерімен, үлкенді-кішілі еңбек ұжымдарындағы жұ­мысшылармен, өзін-өзі жұмыспен қамтушы және жұмыссыз жүрген жастармен ақпараттық-түсіндіру бағытында іске асырылуда. Әсіресе, жастардың көп шоғырланатын орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса көңіл аударылып, осы мақсатта студенттік жатақханаларда жүйелі түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Өткен жылы барлық өңірлерде жастармен 9 мыңнан астам тікелей іс-шаралар өткізіліп, оған 760 мыңнан астам жас қамтылды. Ағымдағы жылдың І тоқсанында түсіндіру жұмыстарымен 2 мыңға жуық әртүрлі пішімдегі тікелей іс-шаралар өткізілді.

Теріс ағымдармен күресуге қарсы жасалған арнайы бағ­дар­лама немесе жоспар бар ма?

– Теріс ағымдардың алдын алу еліміздің қолданыстағы заң­на­малары шеңберінде іске асырылады. Бұл жердегі түйткілді мәселе – дәс­түрлі емес ағымдардың идеялық тұрғыдан таралуы және оларға қарсы заңдық тетіктер­ді қолданып күресудің барлық уақыт­та мүмкін еместігі. Сондық­тан Дін істері комитеті басқа да мүд­делі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкімет­тік емес ұйымдармен және ғылыми-сарапшылар қауымдас­ты­ғымен бірлесе отырып, теріс діни ағымдардың алдын алу және олардың идеологияларынан келетін қауіпті тұрғындарға тү­сіндіру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріп отыр.

Қазіргі кезде теріс діни ағым­дардың идеологиялық шабуы­лы интернет кеңістікте белсен­ді жүргізіліп отырғанын ескере келіп, теріс сипаттағы діни идео­логияларға сапалы той­тарыс беру мақсатында сарапшылар қауымдастығын тар­тып, әлеуметтік желілерде тү­сін­­діру жұмыстары ұйымдас­тыры­луда.

Комитетпен интернет-ресурс­тар­дың мазмұнын талдау жұмыс­тары ұдайы жүргізіліп отырады. Өткен жылы 6000-нан астам интернет-ресурстың маз­мұны талданып, олардың іші­нен заңнамаға қайшы 414 материал анықталды. 2016 жылдың І тоқ­саны бойынша 1020 интернет-ресурстың мазмұнына талдау жасалып, онда заңнамаға қайшы келетін 302 интернет-ресурс анықталды.

Дін істері комитеті идео­ло­гиялық жұмыста инновациялық әдістер де пайдаланылуда. 2013-2015 жылдары бірқатар өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп анти­экстремистік сипаттағы «Хақ жолы» (Атырау), «Жан шырылы» (Көкшетау), «Шырмауық» (Өс­кемен), «Ойран» (Шымкент), «Жән­нат» (Орал), «Адасқандар» (Қара­ғанды) драмалық спектакль­дері әзірленді. Аталған қойылым­дар­дың бейне нұсқалары әзірленіп, олар діни экстремизм мен тер­ро­ризмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларда кеңінен қолдануда.

– Жастар арасында түрлі күй­зелістер мен өмірдің ауыр талқыларына ұшырағандарға көмек қолын ұсынатын, дұрыс діни бағдар беретін орталықтар бар ма?

– Тұрғындардың кең тобына, оның ішінде жастарға дін саласындағы мәселелерде дұрыс бағыт-бағдар беруде орталық деңгейде Дін істері комитетінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Қауырт желі – 114» жобасын іске асырып отырған «Діндерді зерттеу орта­лықтары қауымдастығы» ЗТБ қо­ғамдық қорының және «Ақ­ниет» республикалық оңалту ор­та­лығының әлеуеті жұмылдырылған. Өңірлік деңгейде бұл бағыттағы жұмыстарды әкімдіктердің дін істері басқармалары мен дін мәселелерін зерттеу орталықтары, кеңес беру-оңалту жұмыстарымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар іске асырады. Еліміздің барлық өңірлерінде дін істері басқармаларының жанында дін саласындағы мәселелер бойынша қоңыраулар қабылдайтын «Сенім телефондары» жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өңірлерде теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсетумен айналысатын 28 үкіметтік емес орталық бар. Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыспен жұмыс істей­тін бұл орталықтар радикалдық ағымдардан жапа шеккендермен қатар, жалған діни ұйымдардың құрығына түскен жандарға көмек көрсетумен де айналысады.

Діни басқарманың рухани-интеллектуалдық орталығы ретін­­де Ғұламалар кеңесінің жұмысы жанданды. Осы кезеңде «қарулы джихад», «такфир» жә­не
«хиджра» радикалды идеяларын әшкерелеу бойынша пәтуалар қабылданды. Сондай-ақ, діни ғұ­рыптар мен рәсімдердің біркелкі­лігін қамтамасыз ету бойынша жаңартылған уағыздар жинағы әзірленді.

Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ,  «Егемен Қазақстан»

.