Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Жарияланымдар

16 тамыз 2016

«Abai.kz»ақпараттық порталы «ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГЕ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ?»С.Дуанаева, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы, ф.ғ.к.

ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГЕ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ?

Зайырлы мемлекет заңнамалық қағидаттар мен қоғам сұранысын ескеріп, заманауи бағдарлар мен білім жүйесіне жасалатын талдауларға сүйенеді. Соның негізінде қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттеп, ұлттық рухани құндылықтардың сақталуы мен дамуына жағдай жасайды.

Ұлттық таным мен елге, жерге деген құрмет сезімін қалыптастыратын отбасының тәрбиесі – адамның тұлға болып жетілуінің кепілі. Себебі, «жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» болатыны анық. Әке отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан таңбадай жазылып қала береді. Бақытын баладан іздейтін ойлы ата-ана «не ексе, соны оратынын» ұмытпай, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән бергені абзал.

Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар, демек отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі қиын. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – отаншылдыққа тәрбиелеудің үлкен мектебі.

Табиғатынан адалдыққа, кірпияздыққа бейім әйел-ана – ізгі қасиеттерімен тектіліктің, игіліктің үлгісі, сондықтан оларға қойылатын талап қашан да жоғары. «Алып анадан, арғымақ биеден туады» дейді халқымыз. Бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, дегенмен жасөспірімнің жетілуінде ананың атқаратын міндеті – қисапсыз. Тіпті әкесінің кемшіліктерін де балаларына білдірмей, оның жаманын жасырып, жақсысын асырып, мінсіз тұлға етіп көрсету арқылы тамаша ұрпақ тәрбиелеген қазақтың айтулы аналарының парасаттылығын дәріптеп, бойжеткендердің бойына сіңіре алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.   

Отбасылық құндылықтарды қадірлеп, дәстүрді сабақтастыратын алтын көпір болу – ұрпағының келешегін ойлайтын әрбір қазақ әйелінің міндеті. Көкірек көзі ашық, парасат-пайымы терең аналардың ақ сүтімен бойға дарыған, «айналайынымен» санаға сіңген, биязы да жұмсақ үнімен жүрекке орныққан ақыл-кеңестері өмір қиындықтарынан сүріндірмей, алға жетелейді.

«Көретін – қызығым, барлық асылдарым – сендер», – деген ананың үкілі үмітін арқалаған перзенттің бөтен ойы, жаман пиғылы болуы мүмкін емес... Ата-ана «Сендерге қарап, ел бізге баға береді», – деп перзенттеріне үлкен жауапкершілік артып отырса, олар сенімді ақтауға ұмтылады.

Қырық жылға жуық педагогика саласында еңбек еткенде байқағаным – әрбір бала өз үйінің айнасы. Соларға қарап, өсірген ата-анасы мен алған тәрбиесін аңғарасың. Сондықтан «алыста жүрміз, ата-анамыз қайдан біледі деп теріс әрекет, оғаш қылыққа бармаңдар, жақсы ата-анадан жақсы тәрбие алған адам жаман іске ұрынбайды» деп салмақ артып қоятынмын. Филология мамандығында оқитын студенттердің тоқсан тоғыз пайызы қазақ қыздары, сондықтан да осы мүмкіндікті пайдаланып, «қазақтың қызы мықты болмай, қоғам мықты болмайды, себебі ертеңгі ұрпақтың анасы – сендер, шарана құрсақта жатқанда сендер арқылы көп қасиетті ала туады, сәбиге көп қасиет ананың сүтімен беріледі, ананың әлдиімен қазақы рух дариды, тәрбиенің бастау-бұлағы – ана» деп құлақтарына сіңіре беретінмін. Білгенді айту –  парыз, оны қабылдап, бойларына сіңіру – оларға аманат.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі – ару, ертеңгі – ана. Әйел-ана – жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, қоғамның байлығы. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйелдің ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға өлшеусіз үлес қосатыны шүбәсіз.

«Ел боламын десе, бесігін түзейтін» халықтың ұлтын, елін, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиесінің қайнары – отбасы. «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» деген қағиданы ұстанған анамыз дәстүр сабақтастығын үзбей, ер-азаматтың орны қашан да жоғарыда екенін, тамақтың да алды отағасына құйылатынын, сөзді де отағасы бастау керектігін т.б. осындай сырт қарағанда елеусіз көрінгенмен, әке беделін арттыра түсетін әрекеттерді санамызға ғана емес, сүйегімізге сіңірді. Әкемізді асқақтату арқылы ер-азаматтың балалары алдындағы абыройын арттырған анамыз, әкемізді пір тұтып, бетіне қарамаған бойы өмірден өтті...

Әйел-ана қоғамның ең баға жетпес байлығы – адамды өмірге әкеледі. Сол баға жетпейтін және қолдан ешкім жасай алмайтын «құдірет туындысын» дүниеге әкелген әйел бала күту демалысында азын-аулақ қаржыға телміріп қалады. Қазір жаңа туылған сәбиге берілетін айлық жәрдемақы нәрестенің өз қажетін өтеуге де жетпейді. Бүгінгі сәби, ертеңгі қоғам мүшесін тәрбиелеп отырған анаға қызметтік жалақы толық төленсе, ол баласының дені сау, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жасап, үйінің берекесін кіргізіп отырар еді. Осындай кемел қадамды жүзеге асырып, әйел-ананың қорғалуын, уайым-қайғысыз бала тәрбиесімен айналысуын ойластыратын уақыт жетті.

Әйел бақыты – қоғам бақыты, әйелге жағдай жасай алмаған қоғамның келешегі – күңгірт, өйткені әйелсіз тәрбие ақсайды. Тәрбие ақсаса, ұрпақ дұрыс қалыптаспайды. Келешегінің кемел болғанын қалайтын ел, алдымен, әйел-ананың жағдайына көп көңіл бөледі. Ешқандай балабақша да, мектеп те бере алмайтын ана тәрбиесінің кемшіндігінен бала мейірім мен сүйіспеншілікке зәру болып, рухани құлазуға ұрынады. Құлазу соңы құлдырауға әкелсе, онда балаңызды сол шыңыраудан шығарып алу оңайға соқпасы анық.

Асты-үсті толған байлық, ұшан-теңіз кең далада тауыққа шашқан тарыдай ғана шашырап жатқан қазақтың саны мен сапасын көтеруден маңызды мәселе болмаса керек, себебі жасап жатқан игіліктер ұрпақ үшін. Ел мен жерге ие болатын ар-намысты, иманды ұрпақты көбейтіп, өсіре алмасақ, ұлттығымызға, елдігімізге сын. Сондықтан ұлан-ғайыр иен даланың келешек ұлтжанды иелерін тәрбиелеу ісіне, осы бір кезек күттірмейтін өзекті мәселеге отбасы, қоғам, бүкіл ел болып жұмылмасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін.

Бұрынғылар дәстүрді қалыптастыру үшін ортақ құндылықтар мен әдеп заңдарын қатаң ұстанды, қастерлеп дамытты, қадағалап сақтады. Соның нәтижесінде рухы мықты, ар-ұяты терең, намысты ұрпақ өсіріп, ел болды.

Елдіктің басты көрсеткіші – ортақ құндылықтар мен дәстүрлерге адалдық. Қазақ деген халықты асыл құндылықтары мен еш халықта жоқ дәстүрлерін сақтай отырып әлемге таныту – аға ұрпақтың алдындағы парыз, кейінгі ұрпаққа – аманат. Ол үшін аманатқа қиянат қылмайтын қазақы дәстүрді ұрпақ санасына ғана емес, сүйегіне сіңіріп өсіру керек, сонда ғана артымызға қарайламай кете аламыз. Түсінген балаға ата-анасының артына қарайлап кетуінің өзі – өте ауыр салмақ.

Қазіргі ұрпақты отбасы тәрбиесімен ғана жетілдіру мүмкін емес екені белгілі, ақпараттар ағыны сел болып жатқан қоғамда бірізді тәрбиемен шектелмейтіні де аян. Бірақ сол ақпараттардың қоқысы қайсы, інжуі қайсы екенін ажыратуға үйретіп, жұрттың қаңсығын таңсық қылмауға балаларымызды баулысақ, дәстүрлі құндылықтарымызды сөзбен емес іспен көрсетіп, бойына дарытсақ, белең алып бара жатқан «кеселдерден» сақтандырар едік. Жаман нәрсе тез жұққыш келеді, қауіптің алдын алмасақ, ертеңгі қүні бүгінімізге де зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Мысалы, айтуға ауыз бармайтын, қазақтың тарихында болып көрмеген «Қарттар үйі» – әлеуметтік дерттің ең сұмдығы. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деп тілейтін қазақтың қартайғанда барар жері сол болса, кім үшін бейнеттеніп, не үшін өмір сүреді?..

Таяқтың екі ұшы сияқты, кез келген нәрсенің екі жағы болады. «Балам – барым, немерем – жаным» деп, мейірім-шапағатын төгіп тәрбиелейтін ата-әжелер бар да, «өзіммен-өзім тыныш өмір сүргенім жақсы, қартайғанда сенің балаңды бағатын шамам жоқ» деп үйлене салысымен баласын шығарып жіберуге асығатын ата-аналар бар. Мұның өзі ұлттық дәстүрден алыстап бара жатқанымызды байқатады. Мейірім көрсетсең, мейірім көресің. Қарттықтан ешкім қашып құтыла алмайды, бұл – өмір заңдылығы. Бұрынғыдай бес-алты баласы болса, ұябасар-кенже бала қарашаңырақта қалады деп алдыңғыларына енші беріп жіберсе жарасады...

Қазіргі қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың құнсыздануы, адамдардың ата-ана алдындағы парызға, перзент алдындағы борышқа, отбасы алдындағы міндетке салғырт қарауы, бір-біріне деген мейірім-шапағатының кемуі, түрлі қылмыстар мен қатыгездіктердің орын алуы, рухани жұтаңдық – бәрі қосылып дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қауіп төндіріп отырғанын жасыруға болмайды. Қол қусырып қарап жүрмегеніміз анық, дегенмен заттық құндылықтар алдыңғы орынға шығып бара жатқан қазіргі қоғамда  дәстүрлі құндылықтарды жандандырып, бағасын кемітпей, қадірін қашырмай ғасырлар көшіне ілестіру – аға ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Жарты әлемді жаулаған Ескендір Зұлқарнайын да (Александр Македонский) бұл дүниеден ештеңе алып кете алмағанымды кейінгілер көрсін, сабақ болсын деп, жерлеуге алып бара жатқанда екі қолын шығарып қоюды аманаттаған екен.

Қоғамдағы құндылықтардың бастау бұлағы – отбасылық құндылықтар, отбасындағы тәрбие оңалмай, қоғам оңалмайды. Байлықтың ең үлкені – иманды, парасатты ұрпақ. Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салмағын білетін, құндылықтар сабақтастығын жалғайтын бала тәрбиелеп, еліміздің ертеңіне қызмет етейік дегім келеді.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен тұжырымдаған. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ, шынайы шындық пен ізгілікке негізделген құндылықтар еш уақытта құнын жоймай, жасампаз бола береді. Сондықтан, рухани бұлақтың бітелуіне жол бермей, ұрпағымызды сол «бұлақ суынан» қанып ішуге жағдай жасау – аға буынның басты міндеті.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, туымыздың жоғары болуына қызмет ететін зайырлы мемлекеттің мүмкіндіктерін жасампаз ұрпақтың жақсылығына бағыштайық!

.